Айнұр Тұрсынбаева сүйген жігіті тастап кеткен қыз туралы әңгімелеп, желідегі оқырмандарын терең ойға батырды. Танымал ақын жас кезінде бір жігіттен опық жеген танысы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Тұрсынбаеваның кейіпкері бір кездері өзімен бірге жатақханада тұрған қыздың сіңлісі.

“Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын болу керек, бір қызбен сыйласып жүрдім. Оның туған сіңлісі Алматыда оқитын. Бір күні сол сіңлісі бізге жатақxанаға қонаққа келді. Өте сұлу қыз болатын. Сол кездің өзінде 5 уақыт намаз оқып жүрді. Бізге келген кезде жігітімен ренжісіп қиналып жүр екен. Сонымен не керек жатақxанадағы “данышпан қыздар” күнде отырып алып ана қызға ақыл айтамыз. “Ренжітетін жігітті қой, сұлусың, жігіт табылады” деп миын ашытамыз. Бір күні қызымыз еңіреп жылады. “Мен оны сүйемін, онсыз өмір сүргім келмейді, өмір бойы сүйетін боламын, басқа ешкім керек жоқ!” деп бір-ақ кесті! 10-15 күннің ішінде ап-арық болып жаман жүдеп кетті. Сөйтіп жүргенде ол албасты жігіті басқа қызға үйленіп тынды. Депрессияның көкесі енді басталды! Сіңлісімен бірге әпкесі де, мамасы да қосылып жылайтын болды.

Сонда есімде қалғаны қыз байқұс жылап отырып “құдай мені сүймейді, қанша дұға жасадым, ақыры далада қалдым” деген еді. Мен байқұста пәтуа беретіндей қайбір ақыл бар, өзім 20-ға толмаған желөкпемін. Аянышты көзбен қарап отырып үндей алмадым. Жүрегім қатты ауырған еді бірақ”, – деп бастады сөзін Тұрсынбаева.

Арада біраз жылдар өткен соң, Тұрсынбаева сол қызды желі арқылы тауып алған. Бұрын да сұлу болған ару әдемі келіншекке айналып шыға келген. Өзі тұрмыста, әрі 2 баласы бар.

“Мәссаған, сұлу қыз, бұрынғыдан да сұлу боп кетіпсің, 2 балаң бар екен ғой, уақыт деген қандай ә” деп бірден дайректке xат жазып бастадым. Сосын Алматыда кездесіп шәй іштік. Күйеуі заң саласында бастық, ұлы, қызы бар екен. Баяғы еңіреген қыз есейген, ақыл тоқтатқан!

“Айнұр әпке, баяғы мені алмай кеткен жігітті көрдім. Күйеуімнің досы ішкілікке салынып, наркодиспансерде жатқан, сол жердің ауласында отыр, наркоман екен, сондай білімді жігіт сондай xәлге түседі деп кім ойлаған?! Мені танып маған қарап қалды ғой” деді. “Алла мені неге сонша жылатты, неге мені сүймейді деп жылап едім, керісінше мені шексіз сүйіп үлкен қиындықтардан құтқарған екен ғой” дегенде не айтарымды білмедім. Қиындық деген сынақ, әр сынақтың артында қуаныш бар, қайыр бар дегеніміз осы емес пе?! Біздің бір жаман жеріміз асығамыз. Кез келген қиындық бітпейтін сияқты, өмір бойы жылайтын сияқты түңіліп кетеміз. Алланың өз есебі бар! Бәріңіздің жүректеріңізге тыныштық тіледім”, – деп түйіндеді сөзін Тұрсынбаева.

Загрузка...
Загрузка...

Сайтқа кіру:





avatar

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

  Subscribe  
Notify of